Жаздың соңы мен күздің басында ауа райы жиі күрт өзгереді. Ал алда тұмау және басқа да респираторлық инфекциялар жиірек кездесетін маусым келе жатыр. Қазақстанда күзгі-қысқы кезеңде ЖРВИ мен тұмауға шалдығу көрсеткіші артады. Жыл сайынғы маусымдық өсім әдетте қазаннан сәуірге дейін байқалады.
Қазірден бастап не істеуге болады?
Бөлмені желдетуді ұмытпаңыз
Күн салқындаса да, бөлмені жүйелі түрде желдетіп тұрыңыз. Таза ауа мен жақсы желдету жабық кеңістіктегі вирус бөлшектерінің шоғырлануын азайтуға көмектеседі.
Қолыңызды үнемі жуыңыз
Әсіресе қоғамдық көліктен, дүкеннен және адам көп жиналатын орындардан кейін. Сондай-ақ жуылмаған қолмен көзді, мұрынды және ауызды ұстамауға тырысыңыз.
Респираторлық гигиенаны сақтаңыз
Жөтелгенде немесе түшкіргенде ауыз бен мұрынды майлықпен немесе шынтақтың бүгілген тұсымен жабыңыз.
Ауырып қалсаңыз, үйде болған дұрыс
Бұл ағзаның қалпына келуіне көмектеседі және инфекцияны басқа адамдарға жұқтыру ықтималдығын азайтады. Әсіресе ауруды ауыр өткеру қаупі жоғары адамдармен қарым-қатынасты шектеген жөн.
«Иммунитетті көтерудің ғажайып тәсілін» іздемеңіз
Құнарлы әрі теңгерімді тамақтану, жеткілікті ұйқы және тұрақты дене белсенділігі жылдың кез келген мезгілінде денсаулықты сақтаудың маңызды бөлігі болып қала береді.
Күннің суытуы - респираторлық инфекциялар қаупін азайтуға көмектесетін қарапайым шараларды еске түсіруге жақсы себеп.