контакт: 8/7182/209910 priem_ord@mail.ru
адрес: Павлодар қ., көшесі Генерал Дүйсенов, 4/2
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев
Павлодар перинаталдық орталығында ұрық патологияларын ерте анықтауға арналған заманауи анализатор орнатылды
23-10-2026 12:40
Павлодар перинаталдық орталығында ұрық патологияларын ерте анықтауға арналған заманауи анализатор орнатылды
Павлодар облыстық №1 перинаталдық орталығында сарапшылық деңгейдегі заманауи автоматты биохимиялық анализатор орнатылды. Жаңа жабдық Павлодар облысы әкімдігінің қолдауымен, өңір басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесін нығайту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында облыстық бюджет қаражаты есебінен сатып алынды.
 
Аталған аппарат жүктіліктің бірінші триместріндегі пренаталдық биохимиялық скринингті тікелей перинаталдық орталық базасында жүргізуге мүмкіндік береді. Бұған дейін жүкті әйелдерден алынған биоматериал зерттеу үшін қаладағы зертханаларға жіберіліп, нәтижелерді күту мерзімі ұзаратын.
 
Енді «Бір күндік клиника» жобасы аясында болашақ аналар барлық қажетті тексеруден бір күн ішінде, бір жерде өте алады. Атап айтқанда, сарапшылық деңгейдегі ультрадыбыстық зерттеуден өтіп, PAPP-A және бос β-ХГЧ биохимиялық маркерлерін анықтау үшін қан тапсырып, акушер-гинеколог пен генетиктің кеңесін алады.
 
Павлодар облыстық №1 перинаталдық орталығының Ұрықты қорғау орталығы бөлімшесінің меңгерушісі Гүлбану Ақылжанованың айтуынша, жаңа жабдық медициналық мекеменің диагностикалық мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді.
 
— Біз көптен күткен осындай құнды әрі қажетті аппараттың қолымызға тигеніне өте қуаныштымыз. Енді биохимиялық скринингті тікелей перинаталдық орталықта жүргізу арқылы зерттеу нәтижелерін күту уақытын қысқартып, дәрігерлік шешімдерді жедел қабылдай аламыз. Бірінші триместрдегі кешенді тексеру ұрықтың туа біткен даму ақаулары мен хромосомалық ауытқуларының қаупін ерте анықтау үшін аса маңызды. Сонымен қатар «Бір күндік клиника» форматы әсіресе облыстың шалғай ауылдарынан келетін жүкті әйелдерге қолайлы. Енді оларға әрбір тексеруден өту үшін облыс орталығына қайта-қайта келудің қажеті болмайды, — деді Гүлбану Ақылжанова.
 
Жабдықты жеткізу және орнату жұмыстарын «ZALMA Ltd» ЖШС өкілдері жүзеге асырды. Компания мамандары анализатордың жұмыс істеу мүмкіндіктерін таныстырып, медициналық персоналды жаңа аппаратпен жұмыс істеуге үйретті. Перинаталдық орталық қызметкерлері Денис Зелениннің жабдықты пайдалану ерекшеліктері мен практикалық жұмыс тәртібін жан-жақты түсіндірген егжей-тегжейлі нұсқаулығын ерекше атап өтті.
 
Жабдықты қабылдау жұмыстарын «ҚазМедТех» АҚ жүргізді.
 
Павлодар облыстық №1 перинаталдық орталығының директоры Гүлнар Буратаеваның айтуынша, жаңа анализатордың сатып алынуы — өңірдегі ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстың тағы бір маңызды нәтижесі.
 
— Павлодар облысы әкімдігінің қолдауы мен өңір басшылығының ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөлуінің арқасында орталығымыздың материалдық-техникалық базасы жүйелі түрде нығайып келеді. Біз үшін заманауи диагностикалық технологиялардың тұрғылықты жеріне қарамастан облыстағы әрбір әйелге қолжетімді болуы аса маңызды. Жаңа анализаторды сатып алу — жай ғана медициналық жабдықты жаңарту емес, бұл пренаталдық диагностиканы жетілдіруге, медициналық көмекті уақтылы көрсетуге және ортақ мақсатымыз — нәресте өлімін азайтуға бағытталған нақты қадам. Перинаталдық қызметтің қажеттіліктеріне ерекше назар аударып, тұрақты қолдау көрсетіп отырған облыс басшылығы мен өңірлік денсаулық сақтау басқармасына шынайы алғысымызды білдіреміз, — деп атап өтті Гүлнар Буратаева.
 
Жаңа жабдықтың іске қосылуы Павлодар облысының тұрғындарына өңірден тыс жерге шықпай-ақ жоғары технологиялық пренаталдық диагностикадан өтуге мүмкіндік береді.