Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшiлерiнiң ар-намыс кодексі туралы
Мемлекеттiк қызметшiлердiң моральдық-адамгершiлік бейнесiне және iскерлiк сапаларына талапты арттыру мақсатында қаулы етемiн:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметшiлерiнiң ар-намыс кодексі (Мемлекеттiк қызметшiлердiң қызмет этикасы ережелерi) бекiтiлсiн.
2. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
1) "Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк қызметшiлерiнiң қызмет этикасы ережелерiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2000 жылғы 21 қаңтардағы N 328 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҚАЖ-ы, 2000 ж., N 2, 16-құжат);
2) "Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2000 жылғы 21 қаңтардағы N 328 Жарлығына толықтырулар мен өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінiң 2002 жылғы 7 мамырдағы N 866 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҚАЖ-ы, 2002 ж., N 14, 137-құжат).
3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
2011 жылғы 1 сәуiрдегi
№ 1180 Жарлығына
ҚОСЫМША
Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
2005 жылғы 3 мамырдағы
№ 1567 Жарлығымен
БЕКIТIЛГЕН
Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметшiлерiнiң ар-намыс кодексi
(Мемлекеттiк қызметшiлер қызмет этикасының қағидалары)
1. Жалпы ережелер
1. Мемлекеттiк қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенiм бiлдiру болып табылады және мемлекеттiк қызметшiлердiң моральдық-этикалық бейнесiне жоғары талаптар қояды.
Қоғам мемлекеттiк қызметшi өзiнiң барлық күш-жiгерiн, бiлiмi мен тәжiрибесiн атқаратын кәсiби қызметiне жұмсайды, өзiнiң Отаны - Қазақстан Республикасына адал да қалтқысыз қызмет етедi деп сенiм бiлдiредi.
2. Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметшiлерiнiң осы ар-намыс кодексi (Мемлекеттiк қызметшiлер қызмет этикасының қағидалары) (бұдан әрi - Кодекс) «Мемлекеттiк қызмет туралы» 1999 жылғы 23 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңына, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» 1998 жылғы 2 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңына және жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларға сәйкес Қазақстан Республикасы мемлекеттiк қызметшiлерi мiнез-құлқының негiзгi стандарттарын белгiлейдi.
3. Мемлекеттiк органдардың басшылары, орталық атқарушы органдарда - орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары немесе белгiленген тәртiппен орталық атқарушы органдардың жауапты хатшыларының өкiлеттiктерi жүктелген лауазымды тұлғалар, ал орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары немесе көрсетiлген лауазымды тұлғалар болмаған жағдайда - орталық атқарушы органдардың басшылары осы Кодекс талаптарының орындалуын, осы Кодекстiң мәтiнiн мемлекеттiк органдардың ғимараттарында баршаға көрiнетiндей жерлерде орналастыруды қамтамасыз етедi.
4. Мемлекеттiк қызметшi мемлекеттiк қызметке тұрғаннан кейiн бiр ай iшiнде осы Кодекспен жазбаша түрде таныстырылуы тиiс.
2. Мемлекеттiк қызметшiлер мiнез-құлқының жалпы қағидалары
5. Мемлекеттiк қызметшiлер:
1) Қазақстан Республикасы Президентiнiң саясатын жақтауға және оны дәйектi түрде жүзеге асыруға, өзiнiң iс-әрекетiмен мемлекеттiк билiктiң беделiн нығайтуға, мемлекет институттарының беделiн түсiруге ықпал ететiн iс-әрекеттер жасауға жол бермеуге;
2) заңдылық қағидаттарын, Қазақстан Республикасы Конституцияның, заңдары мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң талаптарын басшылыққа алуға;
3) қоғам мен мемлекеттiң игiлiгiне қызмет етуге;
4) мемлекеттiң мүддесiне залалын тигiзетiн, мемлекеттiк органдардың тиiмдi жұмыс iстеуiне бөгет болатын iс-әрекеттерге қарсы тұруға;
5) сенiп тапсырылған мемлекеттiк мүлiкке ұқыпты қарап, оны ұтымды әрi тиiмдi пайдалануға;
6) жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн сақтау мен қорғауды қамтамасыз етуге, олардың өтiнiштерiн қарау кезiнде төрешiлдiк пен сөзбұйдаға салу көрiнiстерiне жол бермеуге, өтiнiштер бойынша белгiленген мерзiмде қажеттi шаралар қолдануға;
7) мемлекеттiк қызметке және мемлекет институттарына қоғамның сенiмiн сақтауға және нығайтуға;
8) өзiнiң iс-әрекеттерiмен қоғам тарапынан негiздi сынға себепкер болмауға, сынағаны үшiн қудалауға жол бермеуге, оң сын-ескертпелердi кемшiлiктердi жою мен өзiнiң қызметiн жақсарту үшiн пайдалануға;
9) адал, әдiл, қарапайым да сыпайы болуға, жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтауға;
10) Қазақстан халқының бiрлiгi мен елдегi ұлтаралық келiсiмдi нығайтуға ықпал етуге, мемлекеттiк тiлге және басқа тiлдерге, Қазақстан халқының салттары мен дәстүрлерiне құрметпен қарауға;
11) мемлекеттiк және еңбек тәртiбiн бұлжытпай сақтауға, берiлген өкiлеттiктердi тиiмдi иеленуге; өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн адал, тұралықпен және сапалы атқаруға; жұмыс уақытын тиiмдi пайдалануға;
12) жоғары кәсiби жұмыс үшiн қажеттi күш-жiгерiн салуға, қойылған мiндеттердi шешудiң оңтайлы да үнемдi әдiстерiн қолдануға;
13) мемлекеттiк қызметшiлердiң қызметтiк мiндеттерiн тиiсiнше орындауына бөгет болатын iс-әрекеттерге қарсы тұруға;
14) кадрларды туысқандық, жерлестiк және жеке өзiне берiлгендiк белгiлерi бойынша iрiктеу мен орналастыру жағдайларына жол бермеуге;
15) бағынысты қызметкерлердiң мiндеттерi мен қызметтiк өкiлеттiктерiнiң көлемiн дәл айқындауға, анық орындай алмайтын өкiмдер бермеуге, бағынысты қызметкерлерден олардың қызметтiк мiндеттерiнiң шеңберiнен тыс тапсырмалар орындауды талап етпеуге;
16) бағынысты қызметкерлерге қатысты негiзсiз айыптауларға, дөрекiлiк, адамдық қадiр-қасиетiн кемсiту, жөнсiздiк фактiлерiне жол бермеуге;
17) бағынысты қызметкерлердi құқыққа қайшы терiс қылықтар немесе жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормалармен үйлеспейтiн iс-әрекеттер жасауға мәжбүр етпеуге;
18) кәсiби дайындықтың, оның iшiнде орындалуы бағынысты қызметкерлердiң функционалдық мiндеттерiне жатқызылған мәселелер бойынша, қажеттi деңгейiне ие болуға;
19) басқа мемлекеттiк қызметшiлердiң тарапынан қызметтiк этика нормаларын бұзу фактiлерiн болдырмауға және жолын кесуге;
20) өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн атқару кезеңiнде киiм киюдiң iскерлiк стилiн ұстануға тиiс.
6. Мемлекеттiк қызметшiлер iскерлiк этикеттi сақтауға, ресми мiнез-құлық қағидаларын құрметтеуге тиiс.
7. Мемлекеттiк қызметшiлер қызметтiк жағдайларын және онымен байланысты мүмкiндiктердi қоғамдық және дiни бiрлестiктердiң, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың мүдделерiне, оның iшiнде өзiнiң оларға көзқарасысын насихаттау үшiн пайдаланбауға тиiс.
Басшы лауазымдар атқаратын мемлекеттiк қызметшiлер бағынысты қызметкерлердi қоғамдық және дiни бiрлестiктердiң, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың қызметiне қатысуға мәжбүрлей алмайды.
3. Мемлекеттiк қызметшiлердiң сыбайлас жемқорлыққа қарсы мiнез-құлқы
8. Мемлекеттiк қызметшiлер сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiне қарсы тұруға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға не сыбайлас жемқорлықпен жымдасқан немесе сыбайлас жемқорлық үшiн жағдай туғызатын әрекеттерге жол бермеуi тиiс.
Мемлекеттiк қызметшiлер басқа мемлекеттiк қызметшiлер тарапынан болатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактiлерiнiң жолын кесуi тиiс.
9. Егер мемлекеттiк қызметшiнiң сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы дәйектi ақпараты болса, ол мұндай құқық бұзушылықтың алдын-алуға және жолын кесу жөнiнде қажеттi шаралар қолдануы тиiс. Қажеттi шараларға уәкiлеттi мемлекеттiк органдарды хабардар ету және жоғары тұрған басшыны, мемлекеттiк орган басшылығын хабардар ету жатады.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы ақпарат алғаннан кейiн мемлекеттiк органның басшылығы олар бойынша, оның iшiнде, егер оның iс-әрекеттерiнде мемлекеттiк қызметшiнiң қызметiн одан әрi жалғастыруға терiс ықпал ететiн заңнама бұзушылықтар болмаса, мемлекеттiк қызметшiнi заңсыз қудалаудан, оның құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау жөнiнде тиiстi шаралар қабылдайды.
10. Мемлекеттiк қызметшiлер өз iс-әрекеттерiмен және шешiмдерiмен жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн iске асыруды қиындататын әкiмшiлiк және өзге де кедергiлерге жол бермеулерi тиiс. Мұндай фактiлер анықталған жағдайда мемлекеттiк қызметшiлер оларды жою жөнiнде шаралар қабылдауға тиiстi.
11. Мемлекеттiк қызметшiлер мемлекетке экономикалық залалдың алдын-алу жөнiнде барлық мүмкiндiктердi пайдалануы, жеке мүдделерiне және үшiншi тұлғалардың мүдделерiне орай тексерулерге бастамашылыққа жол бермеуi тиiс.
12. Мемлекеттiк қызметшiлер жеке мүлiктiк және мүлiктiк емес пайдалар алу үшiн өзiнiң лауазымдық өкiлеттiктерiн және онымен байланысты мүмкiндiктердi қолданбауға тиiс.
13. Мемлекеттiк қызметшiлер мүдделер қақтығысын болғызбау үшiн шаралар қолдануы тиiс.
14. Мүдделер қақтығысы туындаған ретте, яғни мемлекеттiк қызметшiнiң жеке басының мүдделiлiгi және оның өз лауазымдық өкiлеттiктерiн тиiсiнше атқаруының немесе жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттiң заңды мүдделерiнiң арасында осы заңды мүдделерге зиян тигiзетiндей қайшылық туындайтын жағдайда, мемлекеттiк қызметшi оның жолын кесу және реттеу жөнiнде Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңнамасында көзделген шараларды қабылдауға мiндеттi.
4. Көпшiлiк алдында сөйлеу
15. Мемлекеттiк орган қызметiнiң мәселелерi бойынша көпшiлiк алдында сөйлеудi оның басшысы немесе мемлекеттiк органның бұған уәкiлеттiк берiлген лауазымды тұлғалары жүзеге асырады.
Мемлекеттiк қызметшiлер мемлекеттiк қызметтiң беделiне нұқсан келтiрмей, пiкiрсайысты әдептi түрде жүргiзуi тиiс.
16. Мемлекеттiк қызметшiлер мемлекеттiк саясат және қызметтiк iсiнiң мәселелерi жөнiндегi өз пiкiрiн, егер ол:
1) мемлекет саясатының негiзгi бағыттарына сәйкес немесе;
2) жариялауға рұқсат етiлмеген қызметтiк ақпаратты ашатын болса;
3) мемлекеттiң лауазымды тұлғаларының, мемлекеттiк басқару органдарының, басқа да мемлекеттiк қызметшiлердiң атына әдепке сай емес сөздер айтудан тұрса, көпшiлiк алдында бiлдiруiне болмайды.
17. Мемлекеттiк саясатты жүргiзумен, мемлекеттiк органның және мемлекеттiк қызметшiлердiң қызметтерiмен байланысты емес мәселелер бойынша мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк органның атынан жариялымдарына жол берiлмейдi. Педагогикалық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызмет бойынша материалдар жариялауды мемлекеттiк қызметшi жеке тұлға ретiнде тек өз атынан жүзеге асырады.
18. Мемлекеттiк қызметшiге сыбайлас жемқорлық жасаған, оның iшiнде кәсiпкерлiк қызметпен айналысқан, бiреулердiң мүдделерiн қолдаған, сондай-ақ мемлекеттiк қызметшiнiң табысымен сәйкеспейтiн заңсыз табыс пен мүлiк алған деп негiзсiз көпшiлiк алдында айып тағылған жағдайда, ол осындай айыптауды анықтаған күннен бастап бiр ай мерзiм iшiнде оны терiске шығару, оның iшiнде сот арқылы терiске шығару жөнiнде шаралар қабылдауы тиiс.
5. Мемлекеттiк қызметшiлердiң қызметтен тыс уақыттағы мiнез-құлқы
19. Мемлекеттiк қызметшiлер қызметтен тыс уақытта жалпы қабылданған этикалық нормаларды ұстанулары, қоғамға жат мiнез-құлық жағдайларына жол бермеуi тиiс.
20. Мемлекеттiк қызметшiлер қарапайымдылық танытуға, көлiк, сервистiк және өзге де қызметтердi алу кезiнде мемлекеттiк қызметшiлердiң лауазымдық жағдайын баса көрсетпеуге және пайдаланбауға, өзiнiң iс-әрекеттерiмен қоғам тарапынан негiздi сынға себеп туғызбауға тиiс.