Алғашқы көктем мерекесі!
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында №3 Павлодар қалалық ауруханасының мәжіліс залында алғашқы көктем мерекесін тойлау үшін аурухананың ұжымы жиналды.
Салтанаттың шымылдығын ақ халатты абзал жан әйелдер қауымына зор бақыт, мол табыс, бейбітшілік пен мейірімділік тілектерімен аурухананың бас дәрігері М.Н. Ахметов ашты. «Айел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» дегендей, бұл ауруханада 300-ден астам әйел заты еңбек етуде. Олар – дәрігерлер, мейірбикелер, санитар және қызмет етуші қызметкерлер. Күнделікті, сағат сайын әр адамның өміріне араша түсіп, әр адамға дендеріне саулық сыйлайды.
Жұмыс қызу болса да, осындай көңіл күйді көтеретін мерекелік шараларға уақыт әркез табылып жатпайды. Сонымен де, ер азаматтар дайындаған бұл концерт бағалы. Салтанатқа салиқалы рең кіргізген жүргізушілер – дәрігерлер Ержан Кәкімов пен Дилшот Тұрақұлов болды. Олар бұл мейрамның тарихын еске салдырды: 8 наурыз әйелдер қауымының бейбіт түрдегі қозғылысының арқасында Халықаралық маңызға ие болды. Бір ғасыр бұрын Нью-Иорк қаласында әйелдер өз құқықтарын қорғау үшін наразылықтарын білдіріп, бейбіт түрде көшеге шықты. Сол кезден бастап әлем өзгерді.
Біздің елімізде әйелдің рөлін Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «2050- стратегиясында» айқындап берді: «Қыздың жолы жіңішке дегендей, оның үзіліп кетуіне жол бермеуіміз қажет. Әйел заты, қыз баласы біздің қоғамымызда ер азаматтармен құқығы тең, ал аналарымыз – ең құрметті адам болып табылады».
Шіркін! Бұл күні жанға жақын, көңілді әндер орындалып, аналар туралы ең үздік өлең жолдары екі тілде оқылды. Құттықтау ізгі тілектерін білдіру үшін ерлер қауымы жүректі жарып шыққан өз ниеттерін жалынды сөздерімен білдірді. Бұл концерт медицина қызметкерлерінің шығармашылықтан ада емес екендеріне дәлел: қажет болса олар ән айтып, тіпті би де билеп, асыр салып ойын ойнауға да дайын-ақ. №3 қалалық ауруханасында алғашқы көктем мерекесі сәттілікпен өтті. Мереке әйелдерге бір құшақ раушан гүл сыйлаумен және дастархан басында тәтті тағамнан дәм татумен аяқталды.
Р. Апаева