Астана күні қарсаңында №3 Павлодар қалалық ауруханасының мәжіліс залында ота блогы ұжымының ұйымдастыруымен концерттік бағдарлама қойылды. Мерекенің шымылдығы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Бүгінгі Астананың келбетін көрсететін деректі фильмді қызметкерлер зор ынтамен тамашалады. Экранда – жедел түрде дамып келе жатқан жас қала, жаңадан бой түзеп келе жатқан тұрғын үйлер мен Экспо-2017-нің ғимараттары, осы ғажаптар жергілікті халықты болсын, шетелден келген қонақтарды болсын қалыпты емес бағдарламалармен және болашақ жобаларымен тартуда. Қала – көп жетістіктерге жеткен, өзінің тарихын қалыптастырған тәуелсіз Қазақстанның астанасы, Мерекелік концерт медицина қызметкерлерінің, олардың балаларының күшімен әзірленді. Ота мейірбикесі Мәдина Сейітова және Ғалия Нұржігітова мың бұралып би билеп, көрерменді сүйсінтті. А. Махатованың ұлы билеген қазақ биі «Қаражорға» көпшіліктің делебесін қоздырды. Ота блогының қызметкерлері әріптестеріне жақсы көңіл күй сыйлай білді.
К. Апаев