Әдеттегі күндері жедел жәрдем тәулігіне 600–650 шақырту қабылдаса, өткен демалыс күндері бұл көрсеткіш мыңға жуықтады.
Қарашаның алғашқы екі күнінде павлодарлық 103 қызметі тиісінше 826 және 964 шақыртуға шыққан. Демалыс күндері жедел жәрдем пультіне түскен қоңыраулардың шамамен 30 пайызы жедел респираторлық вирустық инфекциялармен (ЖРВИ) байланысты. Сонымен қатар дәрігерлердің жедел араласуын қажет ететін төтенше жағдайлар саны да азайған жоқ.
Өткен сенбі күні Павлодардағы Лермонтов көшесінде көлік жүргізушісі жол белгісіне соғылған. Бұл туралы хабар 21:00-де түскен. Алты минуттан кейін-ақ 103 қызметінің мамандары оқиға орнында болды. Үш пациент – 1963, 1971 және 1985 жылы туған әйелдер Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілді. Ал жол-көлік оқиғасының тағы бір қатысушысы, 29 жастағы ер адам, медициналық тексеруден бас тартқан.
Осы күні Екібастұз қаласында да көлік соқтығысу салдарынан жаяу жүргінші зардап шекті. 76 жастағы әйел жабық бас-ми жарақатын және ми шайқалуын алған. Ол жергілікті ауруханаға жеткізілді.
Жедел жәрдем қызметі атап өткендей, балалармен байланысты тұрмыстық жарақаттар бойынша да шақыртулар жиі түсіп жатады. Өткен жексенбіде Павлодарда үш жасар қыз бала екі алақанын І дәрежелі күйікпен жарақаттап, облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Ересектердің айтуынша, бала көшедегі шам бағанасынан шығып тұрған ашық сымдарға қолын тигізіп алған.
Дәрігерлер еске салады: жүктеме көп болған сәттерде 103 желісі босамай жатса, жедел жәрдемге баламалы нөмірлер арқылы хабарласуға болады. Тәулік бойы келесі нөмірлер жұмыс істейді: +7 (7182) 320024 және 323778. Жұмыс уақыты кезінде пациенттерді қолдау қызметінің маманы жауап беретін +7 (7182) 650500 нөміріне де хабарласуға болады. Бұдан бөлек, егер сіз 112 нөміріне қоңырау шалып, жедел жәрдем сұрасаңыз, ол шақырту автоматты түрде 103 диспетчеріне бағытталады. Сондай-ақ жедел жәрдемді Telegram мессенджері арқылы да шақыруға болады — ол үшін арнайы ботқа жазылу жеткілікті: http://t.me/pvl_103_bot
@depzdrav_pavlodar
whatsapp руководителя