Жаңа жабдық пациенттерді отырған күйінде тасымалдауға арналған және лифті жоқ үйлерде медицина қызметкерлерінің жұмысын едәуір жеңілдетуге бағытталған.
Облыстық жедел жәрдем станциясы бірнеше тасымалдау орындықтарын сатып алды. 103 қызметі станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенконың айтуынша, мұндай орындықтар Қазақстанның басқа өңірлерінде өз тиімділігін көрсеткен.
• – Біріншіден, лифті жоқ көпқабатты үйлерден пациенттерді тасымалдау кезінде бұл бригаданың жұмысын жеңілдетеді, – деді ол. – Екіншіден, пациенттің қауіпсіздігі арнайы белдіктер арқылы қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар жаңа жабдық бригаданың мобильділігін арттырады, себебі пациенттерді зембілмен түсіру үшін қосымша адам күшін тартудың қажеті болмайды.
Медицина қызметкерлерінің айтуынша, орындықтар өкпе ісінуі бар, горизонталь күйде тасымалдауға болмайтын пациенттер үшін өте қолайлы. Сондай-ақ мұндай жабдық әдеттегі зембілді бұру мүмкін емес тар баспалдақ алаңдарындағы мәселені шешеді.
• – Менің тәжірибемде бір жағдай болды: атаның өкпесі ісініп кеткен, – дейді жедел жәрдем фельдшері Малика Сыздыкова. – Ол кезде бізде тасымалдау орындықтары болмағандықтан, дәрігермен бірге пациентті үшінші қабаттан табуреткаға отырғызып түсірдік. Қиын болды. Енді бізде жаңа жабдық бар, оның көмегімен бір адамның өзі-ақ пациентті баспалдақпен түсіре алады.
Арнайы орындықтарды медицина қызметкерлері сынақ режимінде қолдануда. Нәтижелері оң болған жағдайда, болашақта мұндай жабдық барлық шығу бригадаларын қамтамасыз етуі мүмкін.
@depzdrav_pavlodar
whatsapp руководителя