Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев
Павлодар облыстық жедел жәрдем қызметінің диспетчері үй жағдайындағы босануға көмектесті.
23-02-2026 09:22
 
 
Медициналық бригада жолда келе жатқанда, диспетчер босанушының жұбайына нақты әрі түсінікті нұсқаулар беріп отырды.
 
22 ақпанда 103 пультіне Ақсу қаласынан ер адам қоңырау шалды. Ол жүкті жұбайының толғағы жиілеп кеткенін хабарлады. Диспетчер көрсетілген мекенжайға жақын маңдағы медициналық бригаданы жіберіп, өзі ер адаммен байланыста қалып, оған әрекет ету алгоритмін түсіндіріп отырды.
 
– Әйел адам медициналық қызметкерлердің қатысуымен қыз баланы дүниеге әкелді. Бригада шақырту түскеннен кейін 7 минут ішінде оқиға орнына жетті, – дейді облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко. – Жылулық тізбекті сақтап, ана мен нәрестенің жағдайы тұрақты екеніне көз жеткізгеннен кейін олар перзентханаға жеткізілді.
 
Жыл басынан бері Павлодар облысының 103 қызметінің диспетчерлері 120 рет «қоңырауды ұстап қалу» әдісін қолданған. Бұл әдістің мәні – көмекке мұқтаж адамға жедел жәрдем бригадасы жеткенге дейін-ақ көмек көрсетуді бастау. Көмекті жанындағылар немесе қажет болған жағдайда зардап шегушінің өзі де көрсете алады. Ол үшін диспетчер телефон арқылы арнайы әзірленген алгоритмдер бойынша нұсқаулық береді. «Қоңырауды ұстап қалу» әдісі үй жағдайындағы босану, тыныс алудың немесе жүрек соғысының тоқтауы, қан кету, суға кету және басқа да жағдайларда қолданылады.
 
Үй жағдайындағы босануға келсек, соңғы екі айда Павлодар облысында жедел жәрдем қызметкерлері қатысқан осындай екінші жағдай тіркеліп отыр. Өткен жылы өңірде жедел жәрдем арқылы өткен үй жағдайындағы босанудың 19 дерегі тіркелген.