Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев
3 мыңнан астам шақырту: Павлодардың 103 қызметі ұзақ демалыс күндерін қалай өткізді
26-03-2026 08:38
3 мыңнан астам шақырту: Павлодардың 103 қызметі ұзақ демалыс күндерін қалай өткізді
 
 
Мерекелік бес күн ішінде облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы штаттық режимде жұмыс істеді.
 
Жалпы, 21–25 наурыз аралығында 103 пультіне 3,6 мыңнан астам шақырту келіп түсті. Станция мәліметінше, ірі төтенше жағдайлар мен трассалық жол-көлік оқиғалары тіркелген жоқ.
 
— Әдетте демалыс және мереке күндері жедел жәрдемге түсетін шақыртулар саны артады, — дейді облыстық 103 қызметі басшысының орынбасары. — Алайда Наурыз мерекесіне арналған демалыс күндері салыстырмалы түрде тыныш өтті — тәулігіне орта есеппен 650-ден 750-ге дейін шақырту түсті. Негізінен бұл маусымдық вирустық инфекциялар, созылмалы аурулардың асқынуы және тұрмыстық жарақаттарға байланысты болды. Сондай-ақ тағамнан улану мен аллергиялық реакциялар бойынша да шақыртулар тіркелді. Жалпы жүктемеге қарамастан, барлық шақыртулар уақытылы орындалып, медициналық көмек толық көлемде көрсетілді.
 
Сонымен қатар, жедел жәрдем станциясының құрамына кіретін медициналық авиация бөлімшесі екі тапсырманы орындады. Бірінші шақырту 22 наурыз күні таңертең ерте Шарбақты аудандық ауруханасынан түсті. Мамандандырылған көмек шала туған егіз нәрестелерге қажет болды. Ұл мен қызға өкпе жеткіліксіздігі диагнозы қойылған.
 
— Ол жерге неонатологиялық бригада жіберілді, — дейді медициналық авиация бөлімшесінің меңгерушісі Алмагүл Бесембинова. — Оқиға орнына барғаннан кейін дәрігер нәрестелерді Павлодарға әуе арқылы жеткізу туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты Шарбақтыға тікұшақ жіберілді. Жаңа туған нәрестелер облыстық перинаталдық орталықтың мамандарына тапсырылды.
 
Екінші шақырту 25 наурыздан 26 наурызға қараған түні Железин ауданынан түсті. Облыс орталығына жеткізу 78 жастағы әйелге қажет болды, ол инсульт алған. Қазіргі таңда оның жағдайымен Павлодар қалалық №1 ауруханасының медицина қызметкерлері айналысуда.
 
Дәрігерлер денсаулық жағдайы нашарлаған кезде медициналық көмекке жүгінуді кешіктірмеуге кеңес береді. Уақтылы көрсетілген медициналық көмек асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану және профилактикалық тексерулерден уақытылы өту маңызды. Шұғыл жағдайларда бірден жедел жәрдем шақыру қажет