Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев
Павлодар облыстық 103 қызметінің ТОП-5 цифрлық шешімі
13-05-2026 08:58
Павлодар облыстық 103 қызметінің ТОП-5 цифрлық шешімі
 
 
Телеметрия функциясы бар ЭКГ
 
Жедел жәрдемнің әрбір автокөлігінде телеметрия функциясымен жабдықталған ЭКГ аппараты бар. Оның көмегімен медициналық бригада науқастың электрокардиограммасын жазып, оны аға дәрігерге және облыстық кардиологиялық орталыққа жібереді. Осылайша мамандар кез келген ауытқуларды жедел анықтап, науқасқа дер кезінде ем көрсетуге мүмкіндік алады. Бұл шешімнің арқасында 2011 жылдан бері 103 қызметі ауруханаға дейінгі кезеңде бірде-бір инфаркт жағдайын назардан тыс қалдырған жоқ.
 
Telegram-бот
 
Павлодар облысында жедел жәрдемді арнайы Telegram-бот арқылы шақыру мүмкіндігіне алты жылға жуық уақыт болды. Мессенджер арқылы түскен шақырту 103 пультіне түскен қоңыраумен бірдей тіркеледі. «Жедел жәрдем шақыру» батырмасын басқаннан кейін пайдаланушы нұсқаулыққа сәйкес жарақаттың немесе сырқаттың сипатын жазып, науқастың орналасқан жерін мүмкіндігінше нақты көрсетуі тиіс. Telegram-бот телефон желісіне жүктеме түскен жағдайда тиімді көмек көрсетеді.
 
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бақылау және есепке алудың автоматтандырылған жүйесі
 
Облыстық жедел жәрдем станциясындағы барлық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар штрих-кодпен таңбаланған. Бұл нақты уақыт режимінде дәрі-дәрмек қорын дәл есепке алуға мүмкіндік береді. Жүйе қызметтің нақты шығындарын талдап, қажетті сатып алу көлемін автоматты түрде есептейді. Мұндай тәсіл дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмай, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен препараттардан болатын шығынды азайтады.
 
Жылдамдық режимін GPS-мониторингтеу
 
Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясының барлық санитарлық автокөліктері навигациялық жүйемен жабдықталған. Бұл әрбір реанимобильдің жылдамдық режиміне GPS-мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Жылдамдық белгіленген мөлшерден асқан жағдайда инженерлік-техникалық қызметке тиісті хабарлама жіберіледі. Осылайша 103 қызметі жедел жәрдем көліктерінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының қаупін төмендетеді.
 
Бейнежетондар
 
Жедел жәрдемнің барлық медициналық бригадалары бейнежетондармен қамтамасыз етілген. Олар шақыртуға қызмет көрсету барысында іске қосылады. Бұл құрылғыларға жазылған мәліметтер ауысым аяқталғаннан кейін жүктеліп, «бұлтты» сақтау жүйесінде сақталады. Бұл медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың жұмыс сапасын бақылауға мүмкіндік береді.
 
Сұхбат бергендер: станция басшысының орынбасары Ирина Мищенко, инженерлік-техникалық қызметтің жетекшісі Серік Ишманов және фармацевт Ерлан Бухпанов.