Жәбірленушілерге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, агрессивті тұрмыстық химиялық заттарды қолданғаннан кейін медициналық көмек қажет болған.
Бірінші жағдайда Успенка ауылының 42 жастағы тұрғыны лак-бояу материалдарының буларынан уланып қалған. Белгілі болғандай, үйде еденді бояғаннан кейін келесі күні таңертең оның басы айналып, жүрегі айнып, жалпы әлсіздік байқалған. Шақырту орнына келген медицина қызметкерлері науқасты Успенка аудандық ауруханасына жеткізді.
Екінші оқиға облыс орталығында орын алды. 23 жастағы қыз құбырларды тазартуға арналған құралдың улы буларын жұтып қойған. Нәтижесінде химиялық заттан жеңіл дәрежедегі жедел улану диагнозы қойылып, ол Павлодар қаласының №3 қалалық ауруханасына жеткізілді.
— Тұрмыстық химиялық заттар, еріткіштер мен бояулар қауіпсіздік техникасын қатаң сақтауды талап етеді, — деп ескертеді Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко. — Құрамында улы заттар бар кез келген жұмыстарды тек жақсы желдетілетін бөлмелерде және жеке қорғаныс құралдарын — респираторлар немесе маскаларды пайдалана отырып жүргізу қажет. Дімкәстік белгілері — бас айналу, жүрек айну немесе тамақтың жыбырлауы байқалған алғашқы сәтте дереу таза ауаға шығып, жедел жәрдем шақыру керек.
Жалпы, өткен сенбі және жексенбі күндері 103 қызметі түрлі сипаттағы 1459 шақыртуға қызмет көрсетті.