Жол-көлік оқиғаларына байланысты барлық шақырту бойынша жедел жәрдем бригадалары оқиға орнына 3–10 минут аралығында жеткен.
9 қазанда жеңіл автокөлік жүргізушісі бағанаға соғылған. Оқиға Павлодарское ауылы маңындағы тасжолда болған. 1949 жылы туған ер адам зардап шегіп, оны медициналық мекемеге жеткізді.
Сол күні Павлодар қаласындағы Циолковский көшесінде мотоцикл аударылып қалды. 1980 жылы туған ер адам жарақат алды. Түрлі жарақат алған азамат Павлодар қалалық №1 ауруханаға жеткізілді.
Бір тәуліктен кейін Ольгинка ауылына кіреберіс жолда тағы бір осындай жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оқиға туралы хабарлама 103 пультіне сағат 23:20-да түскен. Арада небәрі 9 минут өткенде медицина қызметкерлері оқиға орнына жеткен. Алайда 18 жастағы зардап шеккен жігітті аман алып қалу мүмкін болмады. Ол өмірмен үйлеспейтін жарақаттар алған.
– Жолда әр секундтың маңызы зор. Жедел жәрдем қызметі оқиға орнына мүмкіндігінше тез жету үшін бар күшін салады. Алайда жол қозғалысына қатысушылар аса ауыр жарақат алған жағдайда дәрігерлердің де мүмкіндігі шектеулі, – дейді Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко. – Сондықтан барлық жүргізушілерді, мейлі ол жеңіл автокөлік жүргізушісі болсын, мейлі мотоциклші болсын, жылдамдық режимін қатаң сақтауға, рөлде отырғанда алаңдамауға, қорғаныс құралдарын пайдалануға және жолдағы жауапсыздықтың адам өміріне қауіп төндіретінін ұмытпауға шақырамыз.