Барлық зардап шеккен балалар облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
Өткен демалыс күндері Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының бригадалары тұрмыстық күйік алған балаларға көмек көрсету үшін үш рет шұғыл шақыртуға шықты. Барлық жағдайда оқиға орнына жету уақыты небәрі 9–10 минутты құрады. 103 қызметінің бригадалары жедел түрде алғашқы медициналық көмек көрсетіп, зардап шеккен балаларды облыстық балалар ауруханасына жеткізді.
Бұл жағдайлардың әрқайсысы тұрмыстағы қауіп-қатердің қаншалықты тез туындауы мүмкін екенін және медициналық көмектің уақтылы көрсетілуі қаншалықты маңызды екенін еске салады.
Павлодар қаласында жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына 9 минутта жетті. Көмек бес айлық сәбиге қажет болды. Бала қолөнермен айналысу кезінде абайсызда қызған желім пистолетіне тиіп, бетінің ұшын күйдіріп алған.
Атамекен кентінде медицина қызметкерлері шақырту орнына 9 минутта жетті. Тоғыз айлық сәби ыстық пешке қолын тигізіп, алақаны мен саусақтарын күйдіріп алған.
Кенжекөл ауылында жедел жәрдем бригадасы бір жасар балаға көмек көрсету үшін 10 минутта жетті. Бала үстіне ыстық шай құйылған кесені аударып алып, кеуде тұсын күйдіріп алған.
Үш жағдайда да жедел жәрдем диспетчерлері мен медицина қызметкерлері балалардың жағдайын дер кезінде тұрақтандырып, оларды стационардағы тиісті мамандарға тапсырды.
— Күйік — ерте жастағы балалар арасында жиі кездесетін тұрмыстық жарақаттардың бірі, — дейді облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко. — Мұндай жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін ыстық сусын құйылған кеселерді, қосулы электр құрылғыларын және плита үстіндегі ыдыстардың тұтқаларын балалардың қолы жетпейтін жерде ұстау қажет. Сондай-ақ жылыту пештері мен жылытқыштарға қорғаныш қалқандар орнатқан жөн. Балаға қауіпті затқа қолын жеткізу үшін бірнеше секундтың өзі жеткілікті.