№3 ПҚА-да Дүниежүзілік темекіден бас тарту күні аясында алдын алу шарасы өтті. Темекінің адам денсаулығына тигізер зардабын айтып, айтпай не керек, онсыз да барлығы бұл туралы жақсы біледі, десек те жылдан жылға шылым шегушілер қатары көбеймесе азаймауда.
Дәл осы жағдай дәрігерді алаңдатуда, дәл осы ақ халаттылар емделушілерінің темекі тартқаннан кейінгі болатын салдарымен жиі кездеседі. Әсіресе никотин ер азаматтарға қарағанда, болашақ ана аталатын жолы жіңішке әйел адамына орасан зор зиянын тигізеді. Осындай әйелдерде дүниеге дені сау емес бала әкелу қауіпі жоғары. Тіпті, бала, бір қарағанда дені сау болып туғанның өзінде кейін ауыршаң болатыны жасырын емес. Бұл туралы және басқа да жағдайлар туралы дәрігерлер Үшінші қалалық ауруханасында ем қабылдап жатқан емделушілерге әңгіме барысында жете айтып берді.
№3 ПҚА барлық бөлімшелерінде білімдік материалдар орналастырылған, шылым шегудің зардабы туралы мағлұмат беретін брошюралар да жоқ емес. Наркологтар, эпидемиологтар жақсы білетіндей, тәуелділік екінші темекіден басталады. Сол себепті де мамандар жастармен жұмыс жасауда темекіні мүлде бастамау сияқты жол сілтеуге ерекше көңіл аударады. Ең жаманы, шылым жарнамасына өрімдей қыздар мен тепсе темір үзетін жігіттер тартылса керек. Ал темекі мен есірткі арасы бір-ақ қадам. Жаңа әсер сезіну жолындағы жастардың осал тұсы да дәл сол теріс жолға түсуінде жатыр.
Осы тұста, ата-аналардың, ұстаздардың, қоғамның басты міндеті – салауатты өмір салтын ұстанудың артықшылығы туралы жас қауымның есіне әркез салып отыру.
К. Апаев