Медицина қызметкерлері күні – ең күтетін және көңілденетін кәсіби мейрамның бірі. Бұл мейрамның деңгейі Жаңа жылдан кем түспес, тек айырмашылығы, жазда тойланатыны. Бұл күн – әр медицина қызметкерінің еңбегіне баға берер күн. Мәжіліс залы медицина қызметкерлерімен лық толы болды. Мақтау қағаздарымен және сыйлықтармен дәрігерлер де, мейірбикелер де, кіші буын медицина қызметкерлері де марапатталды. Аурухананың бас дәрігері Мәрлен Нариманұлы әр марапатталған адамға жылы лебізін айтып, зор ылтипат көрсетті. Ал, ағымдағы жылы өткен орта буын медицина қызметкерлері арасында жүргізілген облыстық сайыста 1-орынға ие болған ота блогының мейірбикесі Мәдина Сейітова ерекше марапат көріп, зор қошеметке бөленді. Сондай-ақ, хирургия бөлімшесі жиналғандарды әртүрлі жанрдағы мерекелік концертпен қуантты. Бұл кеште әсем ән де, тартымды көріністер де, сызылған би де, тіпті, флэш-моб та болды. Тосын сый да жоқ емес. Медицина қызметкерлері үшін тебіреністі әнмен бір кездері науқастанып, сауығып кеткен емделуші ортаға шығып, зор алғысын өлеңімен жеткізді. Барлығы жақсы көңіл күймен жұмыс орындарына тарқасты.