№3 Павлодар қалалық ауруханасында жұмыс аптасы "Отбасы - бұл біздің әлеміміз, тыныштығымыз және болашағымыз" атты ұранмен өтті. Жоспарланған іс-шара аясында отыз және одан да көп отасқан отау иелеріне құрмет көрсетілді. Айтар болсақ, диагностика бөлімшесінің қызметкерлері аға мейірбике Ұрқия Ахметованың мерейін асырды. Ұрқия Қайыржанқызы денсаулық саласына 33 жыл өмірін арнап, соның жиырма екі жылын қазір еңбек етіп жатқан ауруханада өткізген. Ал, ең бастысы ол жанжарымен міне, отыз жыл тату тәтті ғұмыр кешіп, қызын қияға қондырып, немеренің де тәтті қылығына тоймауда. Сондай-ақ, терапия бөлімшесі де өздерінің аға мейірбикелері Роза Исабековаға құттықтау сөздерін арнап жатты. Ширек ғасыр бұрын ол туған ауруханасының табалдырығын аттап, бүгінгі күнге дейін осы мекемеде қызмет етуде. Бір үйдің шырағын жаққан Роза Әлімжанқызы отағасының барын асырып, жоғын жасырып, жалғыз ұлының қызығын қызықтауда. Бұл жиында ардақты ана, қадірлі әже атанған арулар отбасылық бақыттың құпиясымен бөлісіп, жастарға "үйлену оңай, үй болу қиын" нақылының мағынасын түсіндіріп бақты. Бір айтатын жайт, осы жұмада аурухана қызметкерлерінің балалары үшін "Әке, ана және мен - тату отбасы" атты сурет салу сайысы жарияланып, бұл шараға қатысуға көп балғынның ниет білдіруі мақтанарлық болды. Әрине, бұл күндері жанұялық салт-дәстүрлер жайында көп айтылып, аға буын тілектер иесі атанып, құшақтары гүлге, жүректері қуанышқа толды.
Роза Апаева