Өткен аптаның сенбісінде №3 Павлодар қалалық ауруханасының белсенділері облыстық денсаулық сақтау қызметкерлерінің туристік слетіне қатысты. Бұл шара туризмді салауатты өмір салты ретінде насихаттауға және табиғат-ананы аялауға шақыру ретінде жүргізілді. Табиғаттың қыңыр мінез көрсетіп, жауын-шашынның себелеуі де сала мамандарына түрлі сайыстарға қатысуға кедергі болмады. Айтпақшы, біздің намысымызды қорғаған топ жарыстардың барлық кезеңінен өткендігін де айта кету жөн. Тек алдын-ала дайындалған туристік көрініс қана күннің суып кетуіне байланысты сомдалмады. Десе де, гитарамен ән айтуға бұл кедергілер бөгет бола қойған жоқ. Керісінше, әуелеген ән көпшіліктің көңілін көтерді. Ал, жүлделі орындар бұйырмаса да, біздің медициналық қызметкерлер соған бола көңілге кірбің түсірген емес. №3 ПҚА командасы бұл туристік слетке қатысқанына да мәз-мейрам.
К. Апаев